- Кеше ғана Елбасымыз биылғы жылды Жастар жылы деп ресми түрде жариялады.
Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінде өңірімізден шыққан талантты жастарымызға арналған Jastar арнайы залының ашылу салтанаты өтті. Jastar залында көрермендер назарына республикалық, облыстық ақындар айтыстарының жүлдегері Қуаныш Шарманов, ақын, республикалық, облыстық жыр мүшайраларының жеңімпазы Жарқынбек Амантай, журналист, ақын, республикалық, облыстық ақындар айтыстарының жүлдегері Бейбіт Бөжен, «Алтын домбыра» иегері, халықаралық, республикалық ақындар айтыстарының жеңімпазы Аспанбек Шұғатаев, ақын, журналист Айбек Оралхан, сатирик Алпысбай Хонж, «Жас қанат-2017» республикалық байқауының жеңімпазы, эстрада әншісі Мадияр Бахтияров, республикалық мүшайралардың жеңімпазы Еламан Хасен, актер Болат Қобыланды және ақын Илья Аргентум сияқты 10 жас өнерпаздың экспозициясы ұсынылды. - Кеше ғана Елбасымыз биылғы жылды Жастар жылы деп ресми түрде жариялады, - дейді музей директоры Жеңіс Молдабеков. – Өңірімізден шыққан талантты жастар жеткілікті. Оның ішінде ақыны, жазушысы, сатиригі бар дегендей. Бәрін айтып біте алмаймыз. Бастапқы экспозиция 10 адамға арналды. Мақсатымыз - Жастар жылында жастардың өмірбаянын, шығармашылықтарын, өңірімізге сіңіріп жүрген еңбектерін елге насихаттау, сол арқылы оларға шабыт беру, қолдау білдіру. Осы жылда бұл экспозиция үш рет ауысады. Жыл бойы 30-40 адамды қамтимыз. Музейде арнайы кеңесіміз бар. Экспозициясы қойылатын жастар сол кеңестің ақылдасуымен таңдалады. Jastar залындағы экспозицияға жастардың пайдаланған заттары немесе кітаптарының бір нұсқасы, алғашқы қойын дәптерлері, қолжазбалары, дипломдары, естелік суреттері қойылды. Жалпы, музей қорына бүгінгі 10 өнерпаздың 100-ден астам заты өткізілді.
- Музейдің бүгінгі шарасы көңіл қуантарлық, - дейді Jastar залына енген ақын Жарқынбек Амантай. – Шынымен өнер және әдебиет музейі екенін танытуда. Жыл басынан бері әдеби салаға, оның ішінде жастарға көп көңіл бөліне бастағанын сезіп келеміз. Музейге әртүрлі жерде алған марапаттарым, суреттерім, өзімнің тұтынған кейбір заттарымды өткіздім. Менің өмірімнің әртүрлі кезеңдерінен дерек беретін заттарды ұсындым. Өмірімнен маңызды ақпарат беретін дүние деп әртүрлі жерде алған марапаттарымды, дипломдарымды айтар едім. Өйткені оның артында толғаныспен жазылған өлеңдер, үлкен-үлкен арқалы ақындармен кездескен, қауышқан сәттер, төгілген тер жатыр. Өңіріміздегі сатирик ақын Алпысбай Хонж музейге өзінің студент кезінен бері сақтап жүрген қаламын берген. - Жастар жылына орай жастарға көңіл бөліп жатқан музейге алғысымыз шексіз, - дейді Алпысбай Хонж. – Қорға бала кезден тартып жүрген домбырамды, студент кезден өлең жазып жүрген қаламымды бердім. Қаламды жақсы көретін ағаларымның бірі сыйлаған еді. Оның сиясы азайса да, сақтап жүрдім. Ол қаламмен біршама шығармалар дүниеге келді. Осы уақытқа дейін жазған шығармаларымды жинақтап, сұрыптап кітап түрінде шығару ойда бар. Шығармаларым бір кітапқа толатындай болып қалды. Jastar арнайы залының тұсауын ақын, Қазақстан жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, «Алаш» сыйлығының иегері Арман Қани мен өңіріміздің қонағы, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайреткері, «Асыл арна» телеарнасының бас директоры Мұхамеджан Тазабек кесті.